2019 жылға қарай бірыңғай желіге қосылған медициналық ұйымдар үлесі 80 пайызға жетеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Денсаулық» мембағдарламасы аясында медициналық техниканың, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік (МЖС) сервистік келісімшарттарын жүзеге асыру, жеке лизингті дамытудың Ұлттық дерекқорын жасау қарастырылады.
«ЭЫДҰ стандарттарының негізінде денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымдары стандарттарының жаңа жүйесін, сонымен қатар, денсаулық сақтау нысандарының қоршаған ортаға зиянсыздығын, ресурстарын сақтау, энерготиімділігі саласындағы стандарттарды әзірлеп, енгізу жоспарланып отыр»,-делінген ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі мәліметінде.
Бірыңғай ақпараттық ортаны құру аясында ақпараттық жүйелер мен денсаулық сақтау саласының ресурстары біріктірілетін болады, госпитальдық ақпараттық жүйе енгізіліп, пациенттің электрондық денсаулық паспорты мен жеке кабинеті арқылы өз денсаулықтары туралы ақпаратқа қолжетімділік қамтамасыз етіледі. Сонымен бірге, МЖС негізінде Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры мен смарт-медицинаның тиімді қызмет етуі үшін IТ-құралдар енгізілмек.
Белгілі болғандай, госпитальдық ақпараттық құралдарға медициналық ұйымдардағы барлық үдерістерді автоматтандыру, медициналық ақпаратты қағазсыз технология арқылы жүргізуді енгізу кіреді.
Сонымен қатар, науқастардың дәрігерлерге қаралу үшін өздігінен онлайн-жазылу шаралары, онлайн уақыт тәртібінде жеке стационарлық компьютерлер мен смартфондарды қолдану арқылы оларға кеңес беру мен бақылау сатылай енгізілетін болады.
«2019 жылға қарай халықты электрондық денсаулық паспортымен және электрондық госпитализациямен қамтамасыз ету 50 пайызға, бірыңғай желіге қосылған медициналық ұйымдар үлесі 80 пайызға жететін болады»,-дейді ведомство өкілдері.