Е.Біртанов «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының басты бағыттарын түсіндірді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Елжан Біртанов «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының басты бағыттарын түсіндірді.
2016 жылғы 15 қаңтарда 2016-2019 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау саласын дамытудың «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасына қол қойғанын еске салып өткен вице-министр, бұл тұрғыда құжат аясында 7 бағыт қамтылғанын атады.
Ол келесі бағыттар бойынша жүзеге асырылады: халықтың денсаулығын қорғауға негіз болатын қоғамдық денсаулық сақтау жүйесін дамыту, алғашқы медициналық-санитариялық көмекті (әрі қарай - МСАК) басымдықпен дамыту және оны жетілдіру негізінде халықтың сұранысына қарай барлық денсаулық сақтау қызметтерін біріктіру; медициналық қызметтің сапасын қамтамасыз ету; дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің Ұлттық саясатын жүзеге асыру; денсаулық сақтау жүйесінің қаржылық тұрақтылығы мен ынтымақтастығын енгізу негізінде аталған жүйені жетілдіру; денсаулық сақтау саласындағы адами ресурстарды басқарудың тиімділігін арттыру; мемлекеттік-жекеменшік әріптестік, инновациялар мен заманауи ақпараттық-коммуникациялық технологиялар негізінде денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымын әрі қарай дамытуды қамтамасыз ету.
Белгілі болғандай, үздік халықаралық тәжірибеге сәйкес, денсаулық сақтау жүйесін әрі қарай дамытуға негіз ретінде Қоғамдық денсаулық сақтау жүйесі құрылатын болады.
Оның негізгі атқаратын қызметтері: халық арасында салауатты өмір салтын насихаттау мен ағарту шараларын жүргізу; жұқпалы және негізгі жұқпалы емес аурулардың, оның ішінде психикалық ауытқулар мен жарақаттанушылықты бақылау; халықтың денсаулығын нығайту мен оны қорғауға бағытталған сектораралық өзара ынтымақтастықты қамтамасыз ету; эпидемиологиялық қауіпсіздік пен денсаулықты қорғау салаларындағы заңнаманың сақталуын бақылау; аймақтық және ұлттық деңгейдегі аурулардың дамуын ұзақ мерзімді болжау.