Жанкенттегі жаңа емхана

Төрге озған 2019 жыл Жанкент ауылының тұрғындары үшін жағымды жаңалықпен басталды. 2 мыңға жуық тұрғын қоныстанған елді мекенде амбулаториялық емхана халық игілігіне пайдалануға берілді. Тұрғындардың қуанышына бөлісуге облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Олжас Ысқақов, аудандық мәслихат депутаттары, аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері ортақтасты.

Жаңа нысанның ашылу салтанатында аудан әкімі Мұрат Ергешбаев сөз сөйлеп, амбулаториялық емхана қызметкерлерінің жұмысына сәттілік тіледі.

– Қазіргі таңда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында білім, денсаулық, спорт, жалпы әлеуметтік сала бойынша көптеген жобалар іске асырылу үстінде. Республика көлемінде осы бағыттағы іс алғаш болып біздің облыста қолға алынды. Соның бірі – бүгін ашылғалы отырған Жанкент ауылдық амбулаториясы. Бұл – тек жанкенттіктер ғана емес, барша аудан халқы үшін аса маңызды.

Өздеріңізге белгілі, соңғы жылдары облыстың денсаулық сақтау жүйесінде үлкен ілгерілеушілік бар. Оны аудандағы атқарылған жұмыстардан да байқап жүрсіздер. Өткен жылы ғана 150 орындық аурухана салынып, іске қосылды. Заманауи медициналық құралдармен жабдықталған емдеу орнында қазір науқастарға сапалы, жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетілуде.

Биыл мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында ауруханаға «Ангиограф» медициналық аппараты алынып, орнатылды. Бұл коронарография жасайтын құрал аудандар ішінде тек Қазалыда ғана бар. Бұдан басқа алдағы жылы аудандық аурухана жанынан 250 орындық жаңа емхана бой көтереді. Қазір оның құрылысын салу жоба-сметалық құжаты дайын. Енді Сіздер Астана, Алматы секілді ірі қалаларға бармай-ақ, өз жеріміз де талапқа сай ем-дом аласыздар. Бұдан бөлек, өткен жылы аймақтағы жол қатынастарының ұзақтығы ескеріле келе Қазалы теміржол ауруханасының базасында Арал, Қазалы, Қармақшы аудандарының тұрғындары үшін ауданаралық II деңгейлі инсульттық орталық жұмысы жолға қойылды.

Мұндай соңғы үлгідегі жаңа медициналық технологиялардың енгізілуі тұрғындардың денсаулығын жақсартуға оң ықпалын тигізуде. Нәтижесінде өлім көрсеткіші азайып, туылым саны артып келеді, – деді аудан басшысы.

Өркендеу ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Өткелбай Жолмырзаев өткен жылы Жанкенттегі атқарылған ілкімді істерді тілге тиек етіп, көпшіліктің риясыз алғысын жеткізді.

Мұнан кейін аудан əкімі бастаған қонақтар жаңа нысанның лентасын қиып, ғимарат ішін аралап көрді. Аудандық орталық аурухананың бас дəрігері Гүлжихан Нысанова ауылдық емхана дəрігерлерінің сырқаттар денсаулығын жақсартуға елеулі үлес қосатынына сенім білдірді.

Айта кетейік, құрылысын Мырзабай Шалғынбаев басшылық жасайтын "Ахат+ГС" серіктестігі жүргізген ғимарат 1 қабаттан, 1 блоктан тұрады. Емхана ауласында трансформатор қондырғысы, ғимарат ішінде бу қазандығы, қоқыс контейнерлеріне арналған алаң, қызметтік көлікке бейімделген автотұрақ орналасқан. Дәрігерлік амбулатория меңгерушісі Әділет Бектің айтуынша, ауылдық емхананың сыйымдылығы 10 орындық. Мұнда жергілікті тұрғындарға 1 дәрігер және 9 кіші медицина маманы қызмет көрсетеді.
Жеңісбек АЙЫМҚҰЛОВ
05 қаңтар 2019 ж., 11:40 1 548
Сенім телефоны

+7 (72438) 27796

Аудандық аурухананы қабылдау

+7 (72438) 27793

Аудандық емхана тіркеулу

+7 (72438) 22533

Саll-орталығы

+7 (7242) 400001

Мемлекеттік қызметтер

  • Сайт президента
  • Акимат Кызылординской области
  • Қызылорда облысының денсаулық сақтау басқармасы
  • Egov
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Жаңғыру 30
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам