Аудандық аурухана ұжымы 30 анаға көмек көрсетті

Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі қарсаңында олар қайырымдылыққа бей-жай қарамайтындарын тағы бір дәлелдеді. Игілікті шара аясында аудандық аурухана ұжымы өздеріне қарасты мекемеде мүгедек бала асырап отырған аналарға көмек қолын созды.
Қазалы ауданаралық ауруханасының бас дәрігері Гүлжихан Тасеменқызы аудан орталығында тұратын Эльмира Байділдаева, Ұлмекен Қодарова және Айгүл Бисенбаевалардың үйлеріне болып, амандық-саулық сұрасқан соң:
– Наурыз мерекесі қарсаңында осындай игілікті істі қолға алып отырған жайымыз бар. Әрине, мұны Сіздерді мекемеге шақырып беруге де болар еді. Бірақ Сіздерді әбігерге түсіргіміз келген жоқ. Шын пейілімізбен ұсынған қаржылай сыйлыққа балаларыңызға қажетті заттарды алып берерсіздер, – қаржылай сыйлықты табыс етті.
Өз кезегінде басшылық тараптан мұндай жанашырлықты күтпеген жандар ризашылығын білдіріп, алғаусыз алғыстарын айтып жатты.
– Мен аудандық аурухана еңбек етемін. Алайда қазір бала күтіміне байланысты үйде отырмын. Соған қарамастан бізді қазақ үшін қастерлі мерекеде елеп-ескеріп жатқан Гүлжихан Тасеменқызына алғысымды айтамын. Бұл қаржыға мен міндетті түрде балам Балауса Елешке қажетті заттарын сатып алып беремін, – дейді Эльмира Байділдаева.
Айта кетейік, Қазалы аудандық ауданаралық ауруханасы ұйымдастырған қайырымдылық шара аясында мүмкіндігі шектеулі баласы бар 30 адамға қаржылай көмек көрсетілді.


Ж.БЕК