Дәрігерлер қауымы Наурыз мерекесін тойлады

Ақ дастарқан басына жиналған Сержанқожа Берденұлы, Нұрсұлтан Мұратбаев, Болат Сәдуов және тағы басқа ардагерлер қауымын аудандық аурухананың бас дәрігері Гүлжихан Нысанова Наурыз мейрамымен құттықтады.
– Көктемнің жаймашуақ мерекесі әз Наурыз – береке мен ырыстың бастауы. Наурыз әр отбасына құт-береке, ынтымақ пен татулық нәсіп етіп, елімізде мамыражай тіршілік мәңгілік үстем құра берсін, – деп ізгі тілегін жеткізді.
Өз кезегінде ардагерлер қауымы да Гүлжихан Тасеменқызы бастаған дәрігерлердің жұмысына сәттілік тілеп, ақ батасын берді.
Киіз үйдің алдында мерекені тамашалауға келген тұрғындар бауырсақ пен наурызкөжеден дәм татып, бірін-бірі құттықтап жатты.
Мерейлі мереке үстінде аудан әкімінің орынбасары Әлімжан Жарылқағанов аудандық аурухананың бас дәрігері Гүлжихан Нысановаға Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесін жоғары деңгейде өткізуге белсенділік танытып атсалысқаны үшін Қазалы ауданы әкімдігінің Дипломын табыс етті.
Осылайша медицина саласының өкілдері жыл басын тамаша көңіл-күймен, ерекше құлшыныспен бастады.
Ж.БЕК